реферат по-истории


Қарағанды Мемлекеттік Университеті

Мировая экономика кафедрасы

Реферат

Тақырыбы:

Қазақ зиялыларының қилы тағдыры

Орындаған: Алиева Анель МЭ-11

Тексерген: Смағұлов Н.Б

Қарағанды 2014 ж.

Қазақ зиялыларының қилы тағдыры

Әр қилы тағдырлары реферат

Жоспар:

Кіріспе:

Негізгі бөлім:

1) Алашорданың құрылуы

2) Алаш Орданың мақсаты

3) Қазақ зиялыларының еңбектері мен мұрасы

Қорытынды:

Жаппай репрессия мен террор кеңестік жүйенің ажырамас бөлігі болды. Билік зиялы қауым арасындағы идеялық күресті әдейі арандатып қана қоймай сонымен бірге өздерінің қарсыластары болады-ау дегендердің аты-жөнін – ұлтшылдарды – белгілеп қойғандығын мұрағат құжаттарынан айқын байқайсыз. Бұлардың ішінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлімхан Ермеков, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Мұхаметжан Тынышпаев, Халел Досмұхамедов, Телжан Шонанов, Қошке Кемеңгеров, Ғаббас Нұрымов және басқалары болды. «Ұлтшылдар» деп айдар тағылған осы шағын топ Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Әліби Жангелдин, Ғаббас Тоғжанов, Молдағали Жолдыбаев, Тоқаш Бокин, Абдолла Асылбеков, Нығмет Нұрмақов, Бәймен Алманов сияқты революциялық қанаттың өкілдеріне қарсы қойылды.

Совет өкіметіне қазақ жұртының ұлттық мүддесін ту ғып көтеретін зиялы қауым керек емес еді, оларға өздерінің пікір-ұсынысы жоқ, ел қамын ойлап басын қатырмайтын, бірақ отаршыл басшылықтың айтқанын екі етпей орындайтын дүбаралар қажет болатын. Сондықтан большевиктердің түпкілікті мақсаты әртүрлі сылтау тауып, ең алдымен алашордашыларды, сосын Сәкен сияқты қызылдардың көзін құрту еді.

Алаш қайраткерлері де, олардың қарсыластары болып есептелген Сәкендер де қазақ халқының келешегінің жарқын, нұрлы болуын армандады, азат, еркін өмір сүруі үшін күресті. Бірақ бұл мақсатты қалай жүзеге асырамыз деген мәселеге келгенде ортақ мәмлеге тоқайласа алмай бөлініп кеткені рас. Оның үстіне большевиктер жұрттың бәрін жарылқаймыз, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнатамыз деген желеумен тұтас елдің, оның зиялы қауымын қақ жарып, арасына сына қақты. Олардың күш-жігерін, ақыл-парасатын жалпыұлттық мүдделерді шешуден алшақтатып, өздері ойлап тапқан тап күресін шиеленістіре түсті. Идеологиялық майданды қызу тартысқа ұластырып, елді соңынан ерте алады-ау деген азаматтардың бірігіп қимыл жасауына мүмкіндік бермеді.

«Алаш» партиясының жетекшілері Алашорда үкіметі құрылмастан бұрын-ақ большевиктермен жауласқан күштерді бірден жақтап кеткен еді. Осы бағытты ту ғып көтерген олар большевиктер жеңіске жетіп, жаңа үкімет құрылғаннан кейін екі жұмадан соң Ресей халықтары құқықтарының декларациясымен жұрт енді ғана танысып жатқанда (құжат 1917 жылдың 2 қарашасында жарияланды) Ә.Бөкейханов, Е.Омаров, С.Досжанов,М.Дулатов 1917 жылдың 10 қарашасында Совет өкіметіне қарсы қарулы көтеріліске шыққан контрреволюциялық казак әскерлерінің басшыларына жазған үндеуінде оларға ашық түрде қолдау білдірді. «Біз төменде қол қойған қырғыздың саяси «Алаш» партиясының мүшелері ежелгі Донға және «Оңтүстік-Шығыс одағына» кіретін барлық казак әскерлеріне: 1) Қырғыз халқы «Оңтүстік-Шығыс одағына» қосылатындығын … мәлімдейміз», — деді олар.

Онымен қоймай, Орынборда өткен 2-жалпықазақ съезінің шешіміне сәйкес «халықтық милиция» атанған ұлттық әскер құрылды. Оған қажетті офицерлерді дайындау үшін атаман Дутов басқарған казак әскерінің тәжірибесі мен көмегін пайдалану қажет деп табылды.

Жалпы алашордалықтар мен қызылдардың бір-бірімен келісімге келе қоюы неғайбіл еді. Өйткені ең өзекті мәселелер жөніндегі олардың мақсат-мүдделері мүлдем сәйкеспеді. Алаш зиялылары ең алдымен большевиктер бағдарламасындағы қоғамдық меншікке көшу туралы пікірді үзілді-кесілді қабылдамады. Екіншіден, Кеңес үкіметі ұлттық мемлекеттік құрылыс мәселелерін шешудің негізіне таптық жіктелу принципін алса, Алаш көсемдері ұлттық бірлік пен территориялық тұтастық болуын қалады. Жіктелу, керісінше, оны әлсіретіп, негізгі мәселелерді шешуге мүмкіндік бермейді деп түсінді. Бөкейхановтың 2-ші съезд шешімдері «қазақтар мекендеген территорияда анархияны болдырмау, өлкеде большевизмнің дамуына жол бермеу мүдделерінен туындады … Сол кездегі Россиядағы орын алған жағдайда қазақтардың жариялаған автономиясын жүзеге асыру мүмкін емес еді. Кезекте бостандықтың жауы – большевизммен күрес тұрды» деуі осындай себептерден жария етілсе керек.

Қазақ зиялылары мен большевиктер ел басқару жөніндегі көзқарасын осылай принципті түрде анықтап алса да 1918 жылдың науырыз айында Алашорда үкіметінің тапсырмасымен Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер Оралдан Мәскеуге аттанып, барған бетте Совнарком төрағасы В.И. Ленинмен, Ұлт істері жөніндегі халком И.В. Сталинмен кездесіп, оларға 2-жалпықазақ съезінің (Орынбор, 1917 жылдың желтоқсаны) қаулысын табыс етеді. Онымен танысқан Сталин 19 науырызда телеграф арқылы Семеймен, Бөкейхановтың орынбасары Халел Ғаббасовпен, келіссөз жүргізеді. Сталин қаулыны мақұлдайды, Ресей халықтары құқықтарының декларациясына құжат қайшы емес екен деп, бірақ мынандай шарт қояды: 1) совет үкіметін тануға қарсылық болмасын; 2) советтермен бірігіп, съезд шақырып, ол үшін комиссия құруды өтінеді, оны Алашорда кеңесіне салып, жауап қайтарсаңыздар екен дейді.

Алайда, Алашорда қойған шарттарды қабылдай алмағандықтан оған Сталин тарапынан жауап болмады. Орталық билікке әсіресе жайсыз тигені Алаш басшыларының «пролетарлық» негізде емес пайда болған «Алаш автономиясын жариялаймыз», бұл құрылымда «закон шығаратын һәм ел билейтін өкімет Алашорда», ал «бұған областной советтер жәрдемші» есебінде ғана болады және съезд шешіміне сай Алашорда әскері құрылады деген пікірлер еді (М. Қойгелдиев. Алаш қозғалысы. // Алматы, «Санат», 1995, 352-353-б.).

Автономия құру туралы съезд қаулысын большевиктер қолдамаған соң алашордашылар ашық түрде Совет өкіметіне қарсы қимыл-әрекет жасай бастайды. Бұған НКВД-нің мұрағат құжаттары дәлел. Онда былай делінген:

«Алашорда идеясы большевиктермен күресу қажеттілігінен туындаған. Ал большевиктермен күрес … тек соғыс арқылы ғана жүзеге асуы мүмкін.

1918 жылдың ақпанында Торғай және Ырғыз уездері Совет өкіметінің қарамағында болды. Осы уездің өкілдері өткен жылдың жазында, күзінде және қысында Торғай облысының азаматтық басшыларына большевиктермен күресте көмек көрсетуді сұрады; олар Уақытша Сібір үкіметінен, Самарадағы Құрылтай жиналысының Комитет мүшелерінен, Уфадағы Директориаттан, Орынбордағы жеке армияның қолбасшысы генерал-лейтенант Дутовтан, Оралдың жеке корпусынан, чехословактардан … уезд территориясын Совет өкіметінен тазартуға шақырды».

(Алашорданың Торғай бөлімінің 1919 жылдың 24 маусымындағы Колчакка жазған баянхатынан).

«Россияның қалған бөлігін сақтап қалу үшін барлық антибольшевиктік ағымдар мен топтардың бірігуі қажет, әйтпесе күшті ұйымдасқан большевизм тасқыны саны шамалы жекелеген топты жұтып жібереді, ал қырғыздардың (қазақтардың – А. К.) большевиктермен белсенді күресетін барлық ағымдар және топтармен одақ, ынтымақ іздеуінің себебі осыдан».

(Алашорданың Батыс бөлігінің 1919 жылдың 7 маусымында Колчакка жазған баянхатынан).

Сібірде, Солтүстік және Шығыс Қазақстанда Совет өкіметін құлатқан күш — контрреволюциялық ақ чехословактар бүлігін (1918) Ә. Бөкейханов, М. Тынышпаев басқарған алашорда көсемдері қуана қарсы алды. «Алаш» партиясының басшылары Еділ жағалауындағы эсерлер Самарада ұйымдастырған Құрылтай жиналысының Комитетіне (Комуч), Уфадағы «Мемлекеттік» кеңесіне қатысып, Омбыдағы Сібірдің ақгвардияшылар үкіметімен кездесу үшін өздерінің делегациясын жіберді. Бірақ бұл әрекеттер нәтижесіз аяқталды. Сібірдегі Уақытша Бүкілресейлік үкімет 1918 жылғы 4 қарашадағы грамотасымен Алашорда Халық Кеңесі үкіметін таратып жіберді. Осы кезде қазақ елінде Оралдан басқа өңірдің бәрінде совет өкіметі орнаған еді. Ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілері ақтардың көмегімен өзін-өзі билеу құқығына жете алмайтындығына көзі әбден жетті.

Енді тұйыққа тірелген проблеманы реттеуге Алашорда өкілі Ахмет Байтұрсынов білек сыбана кіріседі. Ол әуелі Әліби Жангелдинмен кездесіп, сосын Мәскеуге барып, ондағы келіссөздегі көптеген қиындықтарға қарамастан қазақ халқының тағдыры туралы мәселені шешуге көп күш жұмсады. Оның табандылығы аяқсыз қалған жоқ. Совет өкіметі қазақ халқының мемлекеттігін ұйымдастыру ісін басқаратын орган құру туралы шешімге келді. 1919 жылғы шілденің 10-күні В.И. Ленин «Қырғыз (қазақ) өлкесін басқаратын революциялық Комитет жөніндегі уақытша ережеге» қол қояды. Қазревкомның мүшелігіне алғашында С. Меңдешев, А. Байтұрсынов, С. Пестковский (төраға) енгізіліп, кейінірек Б. Қаратаев, М. Тұнғаншин, В. Лукашев, К. Сидоров, Т. Седельников, Т. Әлібеков т. б. кіргізілді.

Сол жылғы 4 қарашадағы Совет үкіметінің қаулысымен алашордашыларға кешірім (амнистия) жасалды. Жыл аяғына қарай (21 желтоқсан) Алашорда кеңесі Советтер жағына шығуға шешім қабылдайды. Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков, Халел Ғаббасов, Асфандияр Кенжин, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов, Мұхаметжан Тынышпаев, Жүсіпбек Аймауытов және басқалары кеңес өкіметін жақтап, ұлтының көркейе беруі үшін берекелі еңбек етеді.

Мұның өзі түсінікті де еді. Егер Ресейде бұрынғы оқығандарды жаңа өкіметке тартуда түрлі ағымдардың болуы белгілі қиындық тудырса, Қазақстандағы жағдай мүлде басқаша болатын. Біріншіден, мұнда Алаш қайраткерлерінен басқа ұлт зиялыларының қатарында әртүрлі ағымдағы топтар болған жоқ. Екіншіден, ескі интеллигенция бұрынғы ағартушылық дәстүрмен, ұлтжандылығынан айнымай идеологияға емес, өз халқына қызмет етуге дайын болды (Қ. Ахметов. Қазақстан мәдениетінің қилы тағдыры. // Алматы, «Ғылым», 2002, 53-б.).

1925 жылы Қазақстанды басқаруға Ф. Голощекин келгеннен кейін Алаш қозғалысына қатысқан адамдарды саяси тұрғыдан қудалаумен қатар оның тарихын бұрмалау науқаны басталды. Нәтижесінде А. Богачев (1927) пен Н. Мартыненконың (1929) «Алашорда» деген кітаптары жарық көрді.

Алаш қайраткерлерінің совет өкіметіне жау, дұшпан екендігін «ғылыми әрі құқықтық» тұрғыдан дәлелдеуге негіз болған осы еңбектер Голощекин кеткеннен кейін де жалғасын тапты. Біздіңше, бұл алғашқы қуғын-сүргін науқанынан тірі қалған ұлтшылардың көзін құрту үшін арнайы тапсырыспен жазылған туынды деп түсіндік. Ол – С. Брайнин мен Ш. Шапироның «Очерки по истории Алаш-Орды» деген кітабы. Мұнда авторлар Алаш қозғалысының жетекшілері мен оған қатысқандарды орыс патшалығы мен Уақытша үкіметтің итаршы қолшоқпарлары, қазақ халқының қас жаулары деп бағалап, Алашорданы ұлтшыл контрреволюцияның үкіметі деп анықтады. Шығармадағы ой-пікір сол кездегі коммунистік идеологияға сай келсе де орталық «Правда» газеті (14.04.1935) кітап соңында жарияланған құжаттар тізбегін (Алашорда жетекшілерінің үндеулері мен мәлімдемелері, «Алаш» партиясы съезінің шешімдері, партия бағдарламасының жобасы т. т.) Алашорда идеологиясын ашық түрде насихаттау деп бағалады. Кейін «Казахстанская правда» газетінде («О контрреволюционной Алаш-Орде и ее осколках», 10.05.1935) басылған Тұрар Рысқұловтың мақаласы да негізінен «Правдада» сөз болған рецензияға сарындас, үндес болып жатты.

Дей тұрсақ та, алаштану туралы тұңғыш пікірлер сонау 1919-1920 жылдарда-ақ басталған. Ол туралы алғашқы қалам тартқандар – Ахмет Байтұрсынов пен Сәкен Сейфуллин. Мәскеуде шығатын «Жизнь национальностей» апталығындағы (3.08.1919) «Революция және қырғыздар» (қазақтар – А.К.) атты мақаласында Ахаң Алаш қозғалысының бастау көздері, Алаш автономиясын жариялау мен оның үкіметін құрудағы себептер ашып көрсетіледі. Бұл Қазан революциясының жеңісі әкелген анархияға қарсы тосқауыл болған еді деп бағалады. Бұлай болудың мәнісін автор қазақтар арасында «таптық жіктелудің жоқтығына және жеке меншіктік заттарда белгілі меже болмауына байланысты … оларға әзірше социалистік қоғамға деген қажеттіліктің жоқтығымен» түсіндіреді.

Кейін Ақмоланың «Красный вестник» газетінде (24.08.1920), «Жизнь национальностей» апталығында «Қырғыз интеллигенциясы туралы» мақала жарық көрді (25.11.1920). Өз тағдырын сан қырлы қоғамдық және шығармашылық қызметін социализм мен коммунизм идеяларымен тығыз байланыстырған С. Сейфуллин бұл еңбегінде жалпы Алашорда үкіметін қолдап, қолпаштамаса да (мұның өзі түсінікті ғой – А.К.) оның жетекшілері туралы «1905 жылдан бастап қырғыз интеллигенциясы, әсіресе 1912 жылдан кейін оқушы жастар арасында революциялық идеялардың, яғни дұрысында ұлттық теңдік пен азаттық идеясының таралуы көрініс тапты. Оянып келе жатқан жас қырғыз интеллигенциясының сол кездегі дем берушісі революциялық кадеттер өз органы «Қазақ» арқылы маңайына қырғыздың интеллигент жастарын топтастыруға ұмтылған көсемсөзшілер Бөкейханов, Дулатов және Байтұрсынов болатын. Міне, осы газет жас интеллигенцияның достықпен және бірауыздан қолдауының нәтижесінде кең байтақ Қазақстанға белгілі болды. Жас интеллигенция Бөкейхановқа, Дулатовқа және Байтұрсыновқа Құдайдай сыйынды, олар ұйымшылдықпен үйірмеге бірігіп, өздерінің қырғыз әдебиетін жасай бастады», — деп Алаш қайраткерлерінің қазақ қоғамында атқарған рөлі, оның тарихтағы орны жөнінде жылы пікірін білдірді.

Әлекең, Ахаң бастаған марқасқаларға Сәкеннің осылай іш тарта сыр тартуы оның үлкен адамгершілік қасиетін білдірсе керек. Қол ұшын берер, көмектесер деген ниетпен алашордашылар ақгвардияшылармен сыбайлас болды, ал Сәкеннің орыс патшасынан, ақтардан көрген қорлығы баршаға аян. Соған қарамастан ел ағаларының ұлт қамы үшін от пен суға түсіп, жан ұшырып жүргендігін ақынның сезімтал жүрегі түсініп білді.

Шындығына келсек, 1918 жылдан 1920 жылға дейін Сәкеннің басынан өткен зәбір-жапаға тап сол кезде қазақтың бірде-бір ақын-жазушысы кезіккен емес. Бұл қиямет-қайымдар мыналар: алты ай Ақмола қаласының абақтысындағы неше түрлі азабы көп әуре-сарсаң, тұтқынға түсіп 500 шақырым жердегі Қызылжарға жаяу келуі, атаман Анненковтың ажал вагоны мен Омбы түрмесіндегі зәре-құтыңды аларлық қорқыныш-үрейлер, көз алдында алты бірдей жолдасының қайтыс болуы, түрмеден қашып шығып, жаяу-жалпылап Славгород, Павлодар, Баянауыл, Сарыадырлатып еліне жеткенде жат пиғылды сезіп, Бетпақдала арқылы Әулие-Атаға соғып, елге қайта оралуы.



1923 жылы 28 қаңтарда Ахмет Байтұрсыновтың 50 жылдығында ұлт ұстазының тарихтағы орнын анықтап жазған Сәкеннің мақаласына Қазақ АССР-ның тұңғыш Ішкі істер халкомы Әбдірахман Әйтиев «Советская степь» газетіне қарсы мақала жазып, Сәкен ұлтшылдарды жақтағандықтан алашордашылармен белсенді күрес жүргізе алмай отыр деп орынсыз сынады, үкімет басшысы туралы күдікті қоғамдық пікір туғызуға атсалысты. Кейін Сәкеннің Ахаң туралы айтқан пікірлері оны «сейфуллиншілдік» деп айыптауға негіз болды. Бір айдан кейін РСДРП(б) Орталық Комитетінің өкілі Е. Ярославский «Азия (Европаға)» деген өлеңді коммунистік идеологияға сәйкес келмейтін, тап күресі ұлт күресімен шатастырылған шығарма деп Сәкен Сейфуллин ресми түрде «ұлтшыл», «азияшыл» болып танылды.

Жалпыламадан жалқыға көшейік.

Баррикаданың екі жағына шығып «қызыл сұңқар» атанған коммунист Сәкен мен «буржуазияшыл ұлтшылдар» деп саналған алашордашылар идеялық қарсыластарын дұшпан санап, үнемі жауласып өтті ме, қалай? Осы тұрғыдан келгенде Алаш қайраткерлері мен дала дауылпазының ара қатынасын, олардың өзара көңіл-күйін, ынта-ықыласын білдіреді-ау деген сияқты бірен-саран кейбір деректерді қысқаша болса да тілге тиек еткен артық болмас деп ойлаймыз.

Әлихан-Сәкен. «Алаш» ұстанған бағыт стратегиялық жағынан дұрыс болғанымен сол кезде жүзеге асырылуы мүмкін еместігін Сәкен жақсы түсінді. Жалпы Сәкен-Әлихан туралы мәселе пенделік тұрғыдан емес, екі идеология өкілі ретінде қаралғаны дұрыс. Бұған «Тар жол, тайғақ кешудің» әр жылдары шыққан мәтініндегі өзгерістер куә. Мәселен, 1927 жылғы алғашқы нұсқада «Бөкейханұлы Сібір съезіне келді. Омбыға келді, Семейге келді, баяндама жасады. Оқыған мырзалар, оқып жүрген мырза болам деушілер Бөкейханның жолын тосып алды … Омбыда, Семейде Әлекеңді құдайдан сұрап алған жалғыздай құттықтады» делінсе, осы жолдар соңғы басылымдарда «Бөкейханұлы Сібір съезіне келді. Омбыға келді, Семейге келді, баяндамалар жасады. Оқыған ұлтшыл мырзалар, оқып жүрген мырза болам деуші бай ниетті «ұлдары» Бөкейханұлының жолын тосып алды. Омбыда, Семейде Бөкейханұлын байшыл-ұлтшылдар, саудагерлер құрметтеп жатты» деп өзгертілген.

Сонымен бірге

«Болса да қалың тұман, қараңғы түн,

Туатын «бақ жұлдызына» көзі жеткен», — деп немесе «Көп жаса басшымыз, сені көрумен өзімізді бақытты санаймыз» деген, сондай-ақ:

«Алаш туын қолға алған,

Қараңғыда жол салған

Арыстаным келдіңіз» және

«Жасасын сүйген Алашың!

Көп жыл жаса сабазым!» — деген сияқты «Тар жол, тайғақ кешудегі» Әлихан Бөкейхановты, Алашты мадақтайтын сөздер 1936 жылдан кейін шыққан кітаптарда мүлдем алынып тасталған. Себебі … түсінікті ғой.

Әсіре қызыл сыншылар Сәкенді әлі «пролетариат ақыны бола алмай жүр», «қазақшылық жолмен жүреді», ал «жікшілдіктен» кетпесе «тиісті жауапқа тартылады» деп қыр соңынан қалмаған соң ақын бабамыз «буржуазиялық байшылдықты насихаттаудан» ат тонын ала қашуға мәжүбір болды ма, әлде басқа жағдай әсер етті ме, кім білсін, Әлихан Бөкейханов туралы шын көңілден шыққан сөз «Тар жол, тайғақ кешудің» 1936 жылғы басылымында осылай өзгеріп шыға келді. Оны Сәкен бе, әлде баспа редакциялады ма, ол жағы белгісіз, әйтеуір сол кездегі заман талабына сай еріксіз өңін айналдырып жібергені көрініп-ақ тұр.

Ахаң-Сәкен. Дала дауылпазы және Алаш серкелері жайлы сөз бола қалса қаншалықты қым-қуыт, қат-қабат алмағайып заман өтіп жатқанына қарамастан орталарына сызат түсірмей өткен Ахаң мен Сәкен байланысын ерекше атап өткен жөн. Сайқал саясат сара жолда жүрген қос тарланға салқынын түсіре алмады. Оны біз 20-30 жылдар аралығында, кеңестік кезеңде ел басқару жүйесінде, ағартушылық саласында тізе қосып бір жүрген кезеңдерінен байқаймыз. Басқасын былай қойғанда, Ахаң мен Сәкеннің Қызылорда, Алматы қалаларында жас ұрпақты тәрбиелеуге тәлімді еңбек сіңіргенін айтсақ та жеткілікті. Жұмыстан тысқары кезеңдерде де жұбы жазылмаған сәттерді дәлелдейтін деректер аз емес.

Солай десек те, олардың ең алдымен рухани тұтастығы бесенеден белгілі. Ахаңды ақын інісі «ұлтын шын сүйетін шын ұлтшыл» десе, ағасы Сәкен поэзиясына деген ыстық ықыласын білдірген. Мәселен, Ахаң «Әдебиет танытқыш» кітабында «Әсерлеу» деп сөздің әсерін күшейтіп сөйлеуді айтамыз» дейді де оның жеті түрінің біреуі «арнау» екенін түсіндіреді. Сосын оны да үшке бөліп, жарлай арнаудың мысалы есебінде автор Сәкен Сейфуллиннің «Қамыққан көңілге» өлеңін келтіреді:

Еркіңді қу қайғыға берме, көңілім!

Күйленіп бұрынғыдай керне, көңілім!

Қамығып, жабырқадың неге мұндай?

Талпынып көкке құлаш серме, көңілім!

«Әдебиет танытқыштың» екінші бөлімінде Ахаң «Толғау» туралы баяндай келіп, оның бір саласын – «басында тайғақ кешу, тар жолда, қиыншылық шегіне жетіп тақалған шақта шығатын сөз намыс толғау» дейді. Бұған мысалдар келтіреді, соның ішінде Сәкеннің «Жолдастар» деген өлеңі бар. Әрине, ақынның:

«Біз көргенбіз қорлықты, жылағанды,

Көздің жасын көл қылып бұлағанды,

Жолдастар!»

немесе:

«Теңдік, бақыт, әділдік орнаталық,

Бұзып кіріп дұшпанның қамалдарын,

Жолдастар!» — деген жыр жолдары тап сол кезде Ахмет Байтұрсынов айтқандай, ұлттың намысын қоздырып, қанын қыздыратын қайрау сөз – намыс толғауы болғаны сөзсіз.

Мағжан-Сәкен. «Сұм өмір абақты ғой саналыға» (Мағжан) дегендей ар, ұждан, адамгершілік, намыс деген қасиетті ұғымдарды ту ғып көтеру әр адамның қолынан келе бермейді. Өйткені көп жағдайда мұндай гуманистік принциптерді сақтаудың өзі аса қауіпті да. Айталық, жаппай террор күшейіп, қиын-қыстау уақыт өрістей бастаған кезде осындай қадамға бару дегеніңіз кейде өлімге басыңды байлаумен бірдей болғандығы рас. Тап сол мезгілдің өзінде Сәкен ар биігінен көріне білді. Осы жылдары лагерден босап елге келген, бірақ «халық жауысың» деп ешкім жұмысқа қабылдамағандықтан қалтасында көк тиыны жоқ Мағжанды Сәкеннің Қызылжардан астанаға шақыртып, сол үшін кейін өзіне үлкен қауіп-қатер төнетіндігіне қарамастан оған қамқорлық жасауы кез келген кісінің қолынан келе бермейтін шаруа екендігін мойындауымыз керек.

Енді осы жайды білетін адамдардың пікірін тыңдап көрейік.

Сайфи Құдаш: « Он жылға кесілген ақын Карелия лагерлері мен ормандарында ауыр күн кешеді… 1935 жылы М. Горькийдің көмегімен М. Жұмабаев босанып шығады. Ақын Петропавл қаласына қайтып келеді, әуелгі кездері оған дос пейіл білдіріп, С. Сейфуллин көмектесіп тұрады (Әрине, материалдық жағынан да).

Шериаздан Елеукенов: «Қызметсіз қаңғырып жүру оңай емес қой. Жадау тұрмыс кешіп жатқан сол шақта Сәкен Сейфуллин бұларға (Мағжанға – А.К.) 500 сом ақша жібереді. «Ашаршылықта жейтін құйқа дейтін емес, Сәкеннің адамгершілігіне көңілдері семіреді».

Тұрсынбек Кәкішұлы: «Поездан түскеннен кейін Мағжан Сәбитке: «Мен алдымен Сәкенге сәлем берейін. Оның жолы дұрыс, менікі – бұрыс болды» деген екен.

… Мағжан есіктен кіріп келе жатқанда Сәкен қапсыра құшақтап алғанда иығы дірілдегендей болды. Екеуінің көздеріндегі жас – сағыныш пен өкініштің дабын аңғартқандай еді» дегенді Гүлбаһрам Сейфуллинадан өз құлағыммен естіген едім». Алматы қаласы партия комитеті бюросының 1938 жылдың 2 науырызындағы мәжілісінде Сәбит Мұқановтың партиялық ісі қаралады. Мұнда Жазушылар одағында қызмет істей жүріп Мұқанов сейфуллиншіл керітөңкерісшіл топтың құрамына енді және Мағжан Жұмабаевпен сыбайлас болды деп атап көрсетілуі жоғарыда айтылған деректерді толықтыра түссе керек (ҚР Президентінің мұрағаты. 412 қ., 5 т., 75-б.).

Мұхтар-Сәкен. Тұрсынбек ағамыз айтқандай, Сәкен мен Мұхтар ақын-жазушы ретінде бірін-бірі мойындап, жазып-сызғандарын сырттай бақылап жүргенімен өмірде қоян-қолтық араласып кете қоймаса керек. Кезінде олар бірінің жазғанына екіншісі өткір сын айтқан кездері болғандығы шындық. Солай бола тұрса да бұлардың айтысы, талас-тартысы негізінен шығармашылық төңірегінде туындап, орынсыз дау-дамайға килікпей-ақ сындарлы, салиқалы түрдегі өй-өрімге ұласқан.

Мәселенки, Ілияс Жансүгіров Қазақстан Кеңес жазушыларының I съезінде жасаған баяндамасында бұрынырақ жазылған «Хан Кене», «Еңлік-Кебек» пьесасын Мұхтар Әуезов жамап-жасқау әдісіне кіріскен. «Хан-Кене» — ескі пьеса, Мұхтардың ескі көзқарасымен жазған пьесасы, мұнда Мұхтар тарихи Хан Кенеден тайқып, Кене оқиғасының ұсақ жағын – олардың өлімін ғана алып, өзінше трактовка жасаған пьесасы», — дей келіп, оның бұрынғы желісінің өзгермей сол қалпында қалуына реніш білдіреді. Сондықтан болар, баяндамашы ойын Мұхтардың бұл еңбегі «театр сахнасында жақсы көріне алмады», — деп қорытады.

Мұны айтып отырған себебіміз съезд басталардан бір-екі-ақ күн бұрын (1934 жылдың 10 және 11 маусымы) Сәкеннің осы мәселеге байланысты мақаласы жарияланған еді. Автор «Хан Кененің» тарихи және социалистік шындықпен қабыса қоймайтындығын атап өтіп, оның «зиянды, ұлтшыл сезім оятатын жат пьеса болып шыққандығы айқын көрінеді», — деп жазды.

Әрине, мұндай түйін жасалуы тапшыл тұрғыдан айтылған шығар десек те «Кенесары-Науырызбай қырғыз еліне соқтығып, қолға түсетін уақиғаның да тарихи шындығын көрсете алмаған», «патша үкіметінің қазақ пен қырғызды бір-біріне айдап салған астыртын әрекетін» неге тереңірек қопармады деген сияқты ой-тұжырымдарын елемеуге болар ма екен?

Сынап-мінегенді кім ұната қояды дейсің? Алайда, Мұхаң ойлап-толғана келіп сынның шын екенін, оның жүректің терең түпкірінен шыққандығын және жанашырлықпен ақ көңілден айтылғанын мойындаса керек. Сәкеннің тарихи оқиғаларды білгірлікпен талдап саралауы, орынды дәлел-деректері салмақты, тиянақты екендігіне көзі жеткен сияқты.

Мұхаңның сондай күйге келгендігі оның кейінгі қимыл-әрекетінен байқалады. Оған заңғар жазушының Сәкен шығармашылығының 20 жылдық мерекесі кезінде жазған мақаласы дәлел деп есептейміз. Өйткені әр сөйлемін жүз ойланып, мың толғанып, сұрыптап, екшеп жазатын Мұхтар сияқты алыптардың кез келген жерде мақтау сөзін шығын қыла қоймайтындығы белгілі.

Мұхаң ақын Сәкеннің талай тағдыр талқысына түсіп, азабы мол, қиыншылығы көп, мехнатқа толы жолмен келе жатқанын, турашылдығын, шыншылдығын және шалқар талантын тілге тиек етеді.

«Желісі үзілмей келген жиырма жылдық ақын жолы – жеңіл жол емес. Күште-қуат, ой-сезім, іштегі нәр атаулының барлығын қуаныш пен күйініш, қиналу мен тебірену араларында, жалындай жанып ортаға салған жылдар. Бұл жолға барлық жас қуаты, өмірлік бейнеті, жүрек қаны сарп етілген. Осы күйді, әсіресе, Сәкен басынан мол кешті…

Осы жиырма жыл бойы басып озып отырған ақын еңбегіне сыншы да, тарихшы да емес, жай қатардағы оқушы есебінде көз жіберіп қарасақ, өзгеде жоқ екі түрлі ерекше ірі қасиеті басымдап айқындала шығады. Мұның біріншісі – жалтағы жоқ шыншылдығы, екіншісі – ақындық тәкаппарлығы. Жай мінез машығын айтпаймын, ақындық еңбегінің сипатын айтам», — дейді Әуезов.

Сәкеннің биік адамгершілік қасиеті мен ақындық тұлғасын тұтастыра сипаттаған Мұхаң әрман қарай осы ойын одан әрі ұштай түседі: «Оның шыншылдығы қозып, жанып отыратын, буы білініп тұрған барынша шын сезім, шын жүрек шыншылдығы. Сондықтан мұның жолы әр адымын санап басқан кісінің жолы емес, ылдиы бар, өрі бар – шын өмір жолы, ыстық қанды нағыз ақын жолы».

Шәкәрім-Сәкен. Қажылыққа барып, діншілдік жолға біржола түсіп қана қоймай «Мұсылмандық шартын» жазған, ескілікті аңсап «Түрік, қырғыз, қазақ және хандар шежіресі» деген еңбекті жарыққа шығарған, Қазан төңкерісін үмітпен қарсы алып, оған жыр жолдарын арнаса да «Кеңес өкіметінің жауы» деген айып тағылып, түрмеде отырып шыққан Шәкәрімнің шығармашылығы туралы Қазақстан Кеңес жазушыларының тұңғыш съезінде ештеңе айтылмауы, әрине, түсінікті еді. Солай бола тұрса да, Сәкен сол кездегі діншілдер мен ұлтшылдарға қарсы науқанның күннен күнге күшейіп бара жатқанына қарамастан Шәкәрімнің Физулидің үлгісімен жырлаған «Ләйлі-Мәжнүн» дастанына алғы сөз жазып, қайта бастырып, айды аспанға бір шығарып еді.

Бізге бұрыннан белгілі бұл деректі осыдан үш-төрт жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде шыққан Ахат Құдайбердиевтің хабары тағы да айғақтап берді. Бұл атақты Шәкәрімнің бел баласы. Ол: «С. Сейфуллин 35-жылы «Ләйлі-Мәжнүнді» қайта бастырғанда Шәкәрімнің мирасқоры бар деп қудалағандар болған. Сәкен маған хат жазып, мен жолығып, ризалық қолхат бергем. Сәкен де, Бейімбет те, Ілияс та – Шәкәрім ешуақытта өлмейді, біз кетерміз, бірақ кейінгі келешек тірілтуінде сөз жоқ дейтін еді. Мен 1936 жылы Сәкеннің ақылы бойынша Гоголь атындағы библиотекаға Шәкәрімнің шығармаларының бір көшірмесін өткізген болатынмын», — деп Сәкен Сейфуллиннің Шәкәрім ақынның шығармашылығын жоғары бағалап, оның өшпес мұрасына қаншалықты жанашыр пиғыл көрсеткенін ризашылық сезіммен баяндайды.

Өткен ғасыр басындағы қазақ зиялыларының қайсысы болсын «сен –ақсың», «мен – қызылмын» деп бірден қырғи қабақ көрсетпеген. Міржақып Дулатов айтқандай, бұлардың бәрі:

«Алыстан алаш десе аттанамын,

Қазақты қазақ десе мақтанамын,

Болғанда әкем – қазақ, шешем – қазақ,

Мен неге қазақтықтан сақтанамын?» — деп өскен елі, туған халқы, ата-баба жері үшін басын тау мен тасқа соққан, от пен суға салған еңіреген ер еді.

Тарихтың жаман-жақсысы болмайды. Ол – дәуір айнасы. Сондықтан да сайқал саясат ыңғайына көшпей, оның ақиқатын білуге ұмтылып, тарихтан тағылым тұтқанымыз, тағдырға тағзым еткеніміз жөн.




Предыдущий:

Следующий: